"Достық үйінде" Түркия бұрышы ашылады

Ақтау қаласындағы "Достық үйінде" Түркия бұрышы ашылмақ. Мұнда, осы елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін танытатын құндылықтар қойылады. Түркияның ескі қалаларынан арнайы жәдігерлер мен ұлттық нақыштағы киімдер әкелінеді. Бұл туралы Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Корхан Кюнгерю мәлімдеді. Осылайша, Маңғыстау облысы мен Түркия мемлекеті бір қадам жақындамақ.

19:14, 14 шілде 2017   166

Бауырлас елдердің арасындағы экономикалық және саяси қарым-қатынас берік. Енді екі ел мәдени саланы дамытуға көңіл бөлмек. Консулдың айтуынша, жуық арада облыс әкімі мен Трабзон, Стамбул, Анкара қалаларының басшылары кездеседі деп күтілуде. Іс сапардың мәдени саладағы мамандарға тәжірибе алмасуы үшін маңызы жоғары болмақ. Сондай-ақ, Корхан Кюнгерю 15 шілде Түркия елінде  "ұлттық бірлік" күні екенін атап өтті. Осыдан 1 жыл бұрын лаңкестер бастаған төңкерістен түркиялықтар көп жапа шекті. Жазықсыз жандар қаза болды. Дегенмен, қазір елдегі жағдай біршама тұрақтанды. Осы сынақтан сүрінбей өткенімізді мақтан етеміз,- деді консул.

Корхан Кюнгерю - Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы

Осындай қиын кезеңде достарымыздың қолдауы мен түсіністігіне мұқтажбыз. Төңкеріс кезінде елмізге тілектес болған бауырлас ел Қазақстанның қолдауын жоғары бағалаймыз. Ұлттық егемендікті сақтап қалу жолында түркиялық азаматтардың рухы түспей, бірлесе күресті. Қазір, шүкір, ел  тынышталды. Енді, Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасы нығая түсетініне сенімдімін. Қазақстан - әлем аренасында саяси беделі жоғары ел. Ал, Маңғыстау - Түркияның Қазақстанға кірер қақпасы. Сондықтан осы аймақпен байланысты күшейтуге ниет танытып отырмыз.

«Қазақстан-Ақтау» телеарнасының ресми сайты

130000, Ақтау қаласы, 24 шағын аудан Байланыс телефондары: 8 (7292) 30 30 14