ШҰҒЫЛ! Ақын Е. Раушановтың шығармашылық кеші Толығырақ

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау ауданына іс-сапармен барды

21:26, 20 наурыз 2017

Ауылдың ахуалына қанығып, халықтың қал-жағдайын бағамдау мақсатында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау ауданында болды. Ол алдымен «Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне аялдады. Биік шоқыға шығып, Адай ата рухына құран бағыштады.

Бұдан соң өңір әкімі өткеннен дерек білдіретін, тарихи орынның тағылымын аңғартатын мұрағаттар сақтаулы мұражайда болды. Ералы Тоғжанов нысанның тек музей күйінде қалмай «Мәңгілік ел» идеясының орындалысына септігін тигізер орталыққа айналдыру керектігін баса айтты. Тарихи-мәдени кешен осыдан 10 жыл бұрын ашылғанда да Елбасы «тарихымызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұруына»,-тілектестігін білдірген еді. Міне соның ізімен ізеттілікті үлгі ете отырып осы орынға идеологиялық тұрғыдан қарап, тұжырым жасалуы керек және жуық арада,-деп тапсырмасын берді өңір әкімі. Сондай-ақ Отпан таудың айналасына үш жүздің биінің ескерткіші, барыстардың мүсіні, бата төбе және спорт алаңдары сынды құрылыстар жүргізу жоспарланған. Бірақ қашан екені әлі белгісіз. Ералы Тоғжанов осы мәселеге де ат үсті қарауға болмайтынын ескертіп, қыркүйек айында өтетін Маңғыстау ауданының 90 жылдығына бір ескерткішті дайын ету керектігін қатаң жеткізді.

Сондай-ақ облыс әкімі «Каспий цемент» зауытына барды. Басқару орталығына кіріп кәсіпорын қызметімен танысты. Өндіріс орны шикізатты Қаратаудың қойнауынан алады. Ал жұмысшылардың басым бөлігі іргедегі Шетпе кентінен. Бәрі де арнайы оқытылған мамандар.

Зауыт еңбек ұжымы балаларының балабақша ақысын көтеріп, ем-домы мен сауығуына көңіл бөледі екен. Әрине әлеуметтік жауапкершіліктен қашпау керек. Бірақ Ералы Тоғжанов аудан әкімі мен кәсіпорын басшысына өзара халықты қолдаудың жан-жақты тетігін тағы да пысықтап жүйелі жоспар түзуді тапсырды. Бұдан бөлек жұмысшылардың ас-суына дейін жергілікті өнім болу керектігін ескертті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайға барды. 2015 жылы жергілікті бюджет есебінен салынған мұражай қазақ мифологиясының танымал зерттеушісі тұрған Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында орналасқан.

Бұдан соң Ералы Тоғжанов облыстық басқарма және аудандық бөлім басшыларымен бірге отырыс өткізді. Жиында өңір әкімі аудандағы әр мәселеге жеке-жеке тоқталып, сала жетекшілерінен жауап алды. Жалпы Маңғыстау малды әрі ауылшаруашылығына қолайлы аудан. Мұнда жер асты сулары да жетерлік. Бірақ тіршілік көзін тиімді мақсаттарға пайдалану жағы кемшін. Бұған аудандағы құдықтың қазылуы айқын дәлел болмақ. Яғни үш жыл бұрын екі құдық, 2015 жылы 16, ал былтыр тек екі құдық қана қазылған. Мұны басқарма басшысы сұранысқа сай қазылып отырғанымен байланыстырады. Ералы Тоғжанов соны сынға алды.

«Ауылдың гүлденуі - елдің гүлденуі». Өңір әкімі осыны негізге алуды тапсырды. Оның үстіне газы мен жер асты суы бар ауданда ауылшаруашылығының ақсап тұрғаны ұят,-деді. Яғни несібені жерден айыруға әбден болатынын жеткізіп Оңтүстік Қазақстанды мысал етті. «Сол облыстағы Сарыағаш ауданының 310 мың тұрғыны бар. Барлығы бастан-аяқ жылыжайдан шай-пұлын тауып отыр. Сосын базарға апарып сатады. Ал Жаңаөзен қаласында жергілікті өнім 11 пайызды ғана құрайды екен. Қалған жерлерде де көрсеткіш көңіл көншітпейді,-деген Ералы Тоғжанов түйінді мәселенің түйінін жедел тарқату керектігін қатаң тапсырды.

Ауданда интернет желісімен қамтылу нашар. Әсіресе 22 мектептің 6-да ғана жүйткіген желі бар. Ал қазір сандық жүйеге көшу міндеті тұр. Сондықтан бұл мәселені де уақыт күттірмей шешу керек,-деп тапсырды. Сосын Ералы Тоғжанов санды сан саққа жүгіртпеуді қатаң ескертті. Яғни басқарма басшыларының есебі мен аудан әкімдігінің дайындаған есебі мүлдем қиыспайды. Ал өтірік мәлімет үшін лауазымды тұлғалар басымен жауап береді.

Маңғыстау ауданында екі айда 5 бала шетінеген. Ералы Тоғжанов мұндай жағдайға бей-жай қарауға болмайтынын айтты. Әр адамның өмірі үшін жауап беретіндерін ескертті.

Ауданда асфальт салу жұмыстарына екпін қойылған. Осы тұрғыда әр жылы әр ауылдағы ескі жолды жаңалау жобалары қолға алынды. Бірақ құрылыстың жүргізілуі тым баяу. Ералы Тоғжанов осы ретте Шетпе-Қызан бағытындағы тас жолды мысал етті.

Жиында аудан тұрғындарына да сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Ауыл ақсақалы мемлекеттік медициналық сақтандыру туралы түсінік беруді сұрады.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов Маңғыстау ауданының шайыр елді мекеніне барып, әлеуметтік маңызды нысандарды аралап шықты. 4 жыл бұрын мұнда дәрігерлік амбулатория салынған болатын. Медициналық жабдықтармен қамтылып, мамандар күніне 30-ға жуық тұрғынды қабылдайды. Республика қаржысына салынған мекеме бүгінде ел игілігіне жарап тұр. шайырда халық көп шоғырланатын нысанның бірі - орта мектеп жанындағы спорт кешені. Меценаттар 43 миллион теңге жинап,  қаржыны заманауи құрал-жабдықтарға жұмсады. Нәтежиесі көңіл көншітерлік 60-тан аса шайырлық жасөспірімдер бүгінде дзюдо, күрес, бокс секцияларына барып, өңір намысын қорғап жүр.

Елбасы биылғы жолдауында ерекше мән берген төртінші бағыт «Made in Kazakhstan»  брендін көбейту болатын. Шайырлықтар да осы бағытта еңбек етіп,  газдалған және газдалмаған минералды су шығарып жатыр. Табиғи жерасты сулары  зерттеуден өткізіліп,  "Шайыр су" маркасымен  3 жылдан бері сауда айналымында. Кәсіпорында қазір 27 адам еңбек етеді. Отандық өнімнің сапасын арттыруға күш салуда. Ауыз су кәсіпорынынан соң облыс әкімі Жыңғылды ауылындағы сумен жабдықтау құрылысының екінші кезеңімен танысты.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов әр салаға зейін салып қарады, лауазымды тұлғаларға қатаң тапсырмаларын берді. Және соның орындалысын тікелей өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Тақырып бойынша материалдар

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті
20:56, 23 қазан 2017
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар