Пандустар тексерілді

Қаладағы 230-дан астам әлеуметтік нысанда мүгедектерге арналған пандустар жасалмаған. Осындай 2 мекемеге биыл миллион теңге айыппұл салыныпты. Енді шаһардағы әрбір ғимарат тексерілетін болады. Алдымен хабарлама беріліп, орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бүгін құқық қорғау органдары тексерісті бастап кетті. Енді бұл шара 6 ай бойы жалғасады.

21:11, 20 сәуір 2017   578

Тексеру тобы алдымен "МАЭК Қазатомөнеркәсіп"  ЖШС-нің тұтынушыларды қызмет көрсету орталығына барды. Кі­реберіс табалдырығы пандусқа ұқса­ты­лып жасалғанымен, оның мүгедек жан­дарға арналмағанын аңғару оңай. Арбадағы  жан түгілі он екі мүшесі сау адам шыға алмайды. Прокурор мекеме басшылығына ескерту қағазын табыстады. Олқылықты дұрыстауға 1 ай мерзім берілді.

Белгіленген мерзім ішінде талап орындалмаса, мекемелерге 50 АЕК есебінде айыппұл салынады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылады.  Шара қалалық прокуратура мен әкімдік тарапынан жасалған меморандум аясында жүріп жатыр.

Нағима Махарова - ЕӘҚжКҚ Департаментінің бас маманы

Бүгін "қоғам сенің қорғаның" атты жоба аясында жұмыс жасап жатырмыз. Жобаның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кіріп-шығуын қамтамасыз ету.

Кенесары Ұзақбай - Ақтау қаласының тұрғыны

Мекемелерде пандус керек. 2-ші, 3-ші топ мүгедектеріне қиын. Оларға көтерілу қиын ғой.

2016 жылы 24 нысан тексеріліп, оның 13-не айыппұл салынған. Ал осы жылы 4 мекеме қаралыпты. Нәтижесінде Ақтау әуежайы мен Чакур емханасы миллион шамасында әкімшілік айыппұл төледі.

Бақдәулет Ахмедов - прокурор

Жұмыс тобымен бірқатар объектілер анықталды. Яғни пандустар жасақталмаған. Ешқандай қолжетімділігі көрсетілмеген. Қазіргі таңда оларды сәйкестендіру туралы тиісті түсімхаттар берілді.

Талапқа сай пандустардың ені - 1 метр, биіктігі баспалдақпен деңгейлес болу шарт. Қол тұтқаларының арақашықтығы мен көлбеулігі сай болу керек. Мұндай стандарт әлеуметтік сақтандыру орындарында ғана сақталған. Ал, тағдырдың тәлкегіне түскен  жандардың өміріне қолайлы жағдай жасау -  қоғамның басты талабына айналса игі.

«Қазақстан-Ақтау» телеарнасының ресми сайты

130000, Ақтау қаласы, 24 шағын аудан Байланыс телефондары: 8 (7292) 30 30 14