Елбасының марапатын ұсыну үшін алтын құрсақты аналар арнайы шақырылды. Шараға қала, ауыл әкімдері мен ақсақалдар қатысты. Игі тілектер айтылды, ақ бата берілді. Бір отбасын ғана емес, бүкіл әлемді аялы алақандарымен тербете алатын аналарға қанша құрмет көрсетілсе де, аздық етіледі. Қала әкімі Елубай Әбілов жиынның басты қонақтарын салтанатты түрде құттықтады.

Елубай Әбілов - Жаңаөзен қаласының әкімі

«Ана өмірдің мейірім бастауы, жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атауының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, әйел, аналардың қадір - қасиетін құптау төл парызымыз деп білемін. Дені сау ұрпақты дүниеге әкелетін, болашақ еліміздің патриоттарын тәрбиелейтін сіздер, аналар аман болыңыздар. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бала - шағаларыңыз аман болсын».

Елбасымыздың өзінің қолы қойылған куәлікті алу - аналар үшін зор  мәртебе. Марапатқа ие болғандардың ішінде жасы қырыққа толмаған аналар да бар. Отыз екі жастағы Жаннұр Туешиеваның алты баласы бар. «Күміс алқа» иегері балабақша меңгерушісі. Тұңғышы он үште. Жас ана балаларының күлкісінен қуат алады екен.

Жаннұр Туешиева - "Күміс алқа" иегері

«Үлкенім он үште. Ең кішісі бір жас, төрт ай. Бүгін міне марапатқа ие болып жатырмыз. Біріншіден Елбасымызға көп рахмет айтамыз. Қала әкіміне рахмет айтамыз. Әлі де жаспыз. Тағы да жалғасы болады деп ойлаймыз».

Жиын еркін форматта жалғасты. Бүгінде Жаңаөзендегі балабақшаларда бес жүз бос орын бар. Демек, қаланың кішкентай тұрғындары үшін бөбекжай мәселесі жоқ деген сөз. Қала әкімі аналарды ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл бөлу керектігін, әсіресе баланы білімді болуға бейімдеу керектігін айтты. Өйткені, білімді ұрпақ - ел болашағы.