Облыста мемлекеттік органдар 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматына көшті. Азаматтар «Е-қызмет» порталы арқылы онлайн түрде мемлекеттік қызметке орналасуға өтініш беріп, конкурсқа қатыса алады. Конкурстық рәсімнің барлық кезеңі онлайн түрде өткізіледі, оған үміткерлер кез келген жерде және қалаған уақытында өтініш бере алады. Үміткерлерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде ID-нөмір беріледі. Сондай-ақ, тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны екі есе қысқартылды. Сынақтан сәтті өткен қатысушылардың порталға тіркеліп, өздеріне қатысты деректер мен құжаттарды енгізе отырып, бос орындарға таңдау жасауына мүмкіндік беріледі. Бұл - Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін жеңілдету, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес орындалды.