Адай уезі тұңғыш төңкеріс комитетінің төрағасы,Тобанияз Әлниязұлы Кеңес одағы тұсында  1930 жылы атылды.  Содан соң, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда Тобанияздың әйел, бала-шағасы да жан-жаққа кеткен. Сол тұста оның Моншақ атты жолдасы Атырауға ауып кетеді.  Жылғыз қызы Жалтыр Ақкетіктің тумасы Еділ Сисембайұлымен бас қосады.

Еділ Сисембайұлы - Т. Әлниязұлының күйеу баласы

Туып өскен жерім Маңғыстау. 1934 жылы Деніз ауылына қазіргі Гонюшкинге 430 үй көшірілді. Иманов деген колхозға 14 үй бардық. Мен ол жерде колхоздың малын бақтым. Менің бірінші кемпірім Жалтыр Тобанияздың Моншақ деген кемпірінің қызы. Енеміздің батасымен оны алдым.

1957 жылы Еділ ақсақал Атыраудан Жалтыр шешемізбен елге оралады. 1959 жылы Тобанияздың қызы Жалтыр да көз жұмады. Сөйтіп Жалтырдан жалғыз қыз қалады.

Ақкүміс Еділқызы - Т. Әлниязұлының жиеншары

Анамнан ерте қалдым. Нағашы әжем Моншақтың тәрбиесінде болдым. Тобанияз атам туралы айтып беретін. Оның өте шебер екенін айтатын. Ер-тұрман, киім-кешекті өзі тігеді екен. Әжеме шоңқайма етіктерді өзі тігіп берген.

Әбілқас Азаматов Моншақ әженің інісі Азаматтың баласы. Оның әкесі Репрессия жылдарында Моншақтан көз жазып қалады. Өкінішке қарай, апасымен кездесе алмайды. 1980 жылдары Әбілқас аға апаларын өзі іздеп бастайды.

Әбілқас Азаматов - Моншақ әженің немере інісі

Біздің әкеміз Репрессия кезінде Түрікменстанға ауып кетті. Содан 1949 жылы апасын іздеп келеді. Бірақ таппайды. Содан апасын көруге арманда кетеді.

Сұрапыл жылдары атасының атын атауға болмаған кездерде жиен немересі Ақкүміс апа Тобанияздың шеберлігі мен шешендігін еске алып отырады. Ол Моншақ әженің әңгімесіне қанып өсті. Еліміз ес жиғалы майталмандарымызды түгендеп жатқанда да, Ақкүміс апа өзінің Тобанияз ұрпағы екенін жарияламаған. Алайда, ескінің сарқыншағы, көненің көзі  - Тобанияз ұрпақтары қазақтың құрметіне қашан да лайық.