"Ақ шағыл" өлкедегі көне аспаптарды насихаттайтын алғашқы топ. Ансамбльдің құрылуына өнер ордасының басшысы мұрындық болған. Атының "Ақ шағыл" қойылуы да тегін емес, - дейді Бекбол Базарбаев. Өйткені Ақ шағыл -  Маңғыстаудың желмен суситын құмы мен аппақ нұры.

Бекбол Базарбаев - М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның директоры

Ансамбльдің құрылғаннан кейін атын ақиық ақын Сабыр Адайдың ұсынысымен осы "Ақ шағыл" деп атын қойдық. Ансамбль мүшелері осы 2020 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітіріп, келген жас мамандар. Бұл енді құдай қаласа өркендеп өне береді. Үлкен сахналарда көреміз деп ойлаймыз.

Бес орындаушыдан құралған ансамбль мүшелері 26 түрлі аспапты

жетік меңгерген. Мәселен, топ жетекшісі - Бердіғали Қуанышқалиев - қылқобыздың құлағында ойнайды. Оған қоса, домбыра, сазсырнай, сыбызғыны да тартады. Айтуынша, топтың басты мақсатының бірі - жас ұрпақтың ұлттық дәстүрге деген ықыласын ояту.

Бердіғали Қуанышқалиев - "Ақ шағыл" этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі

Біздің этно ансамбліміздің мақсаты - қазақтың көне аспаптарын, осы көне деп табылатын сыбызғы, сазсырнай, қылқобыз аспаптарымен өзіміздің Маңғыстаудың жергілікті күйлерін, әндерін және де барлық Қазақстанның жалпы авторларының күйлерін қазаққа, осы әлемге таныту. Қазіргі таңда ансамбльде 40-50-ден астам өзіміздің музыкаларымыз бар. Оның барлығы өзімізге арнайы жазылған музыкалар бар.

Мерекелік концертте Есбайдың "Ақ ілмесі" мен Дәулеткерейдің "Көроғлысы" күмбірледі. Мың бұрала билеген бишілер, сахнаның сәнін келтірді. Сүгірдің термесі айтылып, Исаның "Желдірме" әні де төгілді. Ансамбльдің қос әншісі халық әндерін көрерменнің жүрегіне жеткізді.

Айгерім Құлжарасова - М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі

 Біз өзіміз негізі дәсүрлі әншіміз. Яғни, домбыраменде ән айтамыз. Бұл ансамбльде ортасында ән шашу ретінде өзіміз домбыраменде жеке шығып ән айтамыз және де ансамбльмен де әндерімізді орындай береміз. Жалпы енді бастамасы жаман емес. Халық риза деп ойлаймын. Ары қарай осылай жақсы концерттеріміз болып, халықтың ықыласына бөленіп жатырсақ, шығар биігіміз көп болады деп ойлаймын.

Міне көрерменнің өнерпаздарға деген ерекше қошеметі. Ал "Ақ шағылдықтар" мұнымен тоқтамақ емес. Топтың репертуарына жаңа туындыларды қосып, өңірдің жыраулық дәстүрін дәріптемек. Күйшілік өнерді де дамытпақ.