Айнұр дәрігер болуды бала кезінен армандаған. 2011 жылы Шетпе лицейін "Алтын белгімен" бітіріп, Астана Медицина Университетіне жалпы медицина факультетіне оқуға түседі. 2016 жылы бакалавриат бітіріп, кейін бала дәрігері мамандығы бойынша интернатурада оқиды. 24 жасында Ақшымырау ауылына тұрмысқа шығады. Ауылдағы амбулаторияда 2 жыл маман болмаған соң, жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмысын бастайды.
Айнұр Есбергенова - Ақшымырау ауылының дәрігері
Осы жерге келіп, давлениелерін өлшетіп отырады. Үлкен кісілер келеді көбіне, қан қысымын өлшетейін, сахарымды қаратайын деп едім. Ондай кезде ешкімді қайтарып жібермейміз. Қуанышпен қарсы аламыз, қараймыз. Науқастарды жақсылап, жылы лебізбен қарсы алып, оның ауруынан сауығуына, ауырып келген адамды сауықтырып жіберуге деген мақсатымыз бар.
Айнұр аз уақытта ауыл тұрғындарының сүйіспеншілігіне ие болды. Жас та, кәрі де басы ауырып, балтыры сыздаса алдына келеді. Кәсібилігімен бөлек, емен-жарқын мінезі арқылы көпшіліктің тілін таба білген. Шипа іздеп келген әрбір науқасқа қашан да қол ұшын беруге әзір дәрігерді бүкіл ауыл ерекше құрметтейді.
Махинур Ерғалиева - ауыл тұрғыны
Көп болған жоқ осы ауылға келгеніме. Бір қуантатын нәрсе, бұл жердегі дәріге өте жас Айнұр деген қызы. Любой момент звондасақ та, баламызға бірнәрсе болса, хабарласамыз. Уақыты кідіртпей, скорый болса, үйімізге келіп жатады. Ауылға осындай оқыған, білімді дәрігерлер керек.
Айнұр ауылға індет келген қиын шақта да тұрғындарды емдеуге барын салды. Күн демей, түн демей үй-үйді аралап, жаны қысылғандардың жанынан табыла білді. Тіпті, талай адамды ажал аузынан арашалап та қалды.
Нұржау Нұрбеков - ауыл тұрғыны
Өз маманының иесі деп айтуға болады. Өткенде қатты ауырдық, пандемия кезінде.Елмен бірге болды. Ешкімнің сөзін қайтарған жоқ. Шақырған жерге барды.
Айнұр дәрігерлік қызметімен қатар, отбасындағы келіндік міндетін де абыроймен атқарып жүр. Ауыл-аймаққа сыйлы келін, аяулы жар. Бір перзент тәрбиелеп отырған ардақты ана. Жас болса да, бас болып жүрген дәрігердың арманы асқақ, болашаққа жоспары көп.