Айнұр Маратқызы - тілші
Біз бүгін «Итбалыктар мекені» аталып кеткен Құлалыға жол тартамыз. Ақтаудан 160 шақырым қашықтықта жатқан аралға барудың екі-ақ жолы бар: әскери кемемен немесе тікұшақпен. Бізге тікұшақпен жетудің сәті түсті. Шекарашылардың айтуынша, 40 м шамасында аралда боламыз.
Осылайша, «ерекше мекенді» өз көзімізбен көру үшін жолға шықтық. Негізінен, каспий итбалығы көбіне теңіздің солтүстік бөлігіндегі аралдарда, әсіресе, қыс айларында көбірек кездеседі екен. Жылы кезде оңтүстікке қарай көшеді. Бастапқыда тікұшақ 150-200 метр биіктікте ұшқандықтан, итбалықтарды көру мүмкін болмады. Сондықтан, ұшқыштан сәл де болса төмен түсуін сұрадық. Мінекей, жақыннан қарағандағы көрініс мүлдем басқа. Әр жерде бір топтасып, мұздан суға секіріп жүрген итбалықтардың тіршілігін көрдік..
Айнұр Маратқызы - тілші
Міне, тура 45 минутта Құлалыға жеттік.Қызыл кітапка енгізілген Каспий итбалыгынын популяциясы осы арал маңында шоғырланган. Мұз үстінде жатқан итбалықтарды көзбен көрдік. Енді су жануарының тіршілігін сақтап қалуға үлес қосып жүрген шекарашылармен тілдесеміз.
Құлалыдағы шекаралық бақылау күзетінде қазір 9 адам жұмыс істейді. Олардың негізгі міндерттеріне - браконьерлермен күрес те кіреді. Мына экран арқылы теңіз бетіндегі кемелердің қозғалысын бақылауға болады. Бөтен су көлігі көзге түскен бойда, дабыл қағылып, дереу Баутинодағы әскери дивизионға хабар жіберіледі.
Жарты ай сияқты пішініндегі Құлалы аралы. Мынау біз отырған аймақ. Біз Баутино мен Құрық порттарына зонаға басқа қалалардан келіп жатқан кемелер туралы хабарлап отырамыз. Егер белгісіз кемелерді байқасақ, оны нысанаға алып, барлық координаттарды Баутиндағы теңіз дивизионына шұғыл жібереміз. Олар тексеруге жылдам жүзетін кемелерді жібереді.
Шекара қызметі тек қауіпсіздікті емес, Каспий теңізінің биоалуандылығының да сақталуына жауапты. Өткен жылы жоспарлы тексеріс кезінде сақшылар 55 итбалықты құтқарып қалған.
Нұрлыбек Сұлтанов - ҚР ҰҚК шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаменті 2-дивизионының бөлім бастығы
Екінші дивизион браконьерлермен күрес шараларына бірнеше рет қатысты. 2020 жылғы есеп бойынша 11 шекара тәртібін бұзғандар анықталды. Оның 3-і мемлекеттік деңгейде болса, 8 адам ішкі шекараны заңсыз кесіп өткен. Нәтижесінде, 1334 бекіретұқымдас балық, 55 итбалық тіршілік ортасына қайтарылды. Осылайша, мемлекетке 2 млрд 326 млн теңге көлемінде шығын келтіруі мүмкін заңсыз әрекеттердің алдын-алдық.
Соңғы кезде браконьерлер итбалықтарға да ауыз сала бастаған. Олардың бұл әрекетіне сүтқоректінің майынан жасалған препарат пневмония мен коронавирусқа ем деген әңгімелермен байланысты болуы мүмкін дейді шекарашылар. Ветеринар маманның айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды. Дұрыс әдіспен алынбаған жануар майы керісінше зиянды болуы мүмкін.
Анна Простетова - Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының қызметкері
Ем ретінде итбалықтың майын, әсіресе үйде жасалған деп сатылып жатқан майды сатып алып жүрген тұрғындарға қатаң ескертемін. Егер жануардың май алғанда белгілі технологиялар сақталмаған жағдайда, одан бактериялды, паразитарлы, вирусты ауруларды жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін.
Құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған итбалықтарды сақтап қалу үшін 2019 жылы Ақтауда «Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы» ашылды. Мұнда ауға түскен, түрлі жарақат алған түлендерге сауықтыру шаралары жүргізіледі.
Анна Простетова - Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының қызметкері
Мұнда әкелінген итбалықтар өте ауыр жағдайда болады. Аяқтары сынып келген, ашық жаралармен, қызумен келіп түседіі. Сондықтан, қолдан келгеннің бәрін жасасақ та кейді біз оларды сақтап қала алмаймыз. Бірақ біз үшін үлкен тәжірибе болды.
Каспий итбалықтары - эндемик саналады, яғни бұл - Каспийде ғана тіршілік ететін сүтқоректі жануар. Сондықтан, Каспийдің тіршілік процесіне қатысатын осындай су жануарлары жойылып кетсе, теңіздің экожүйесі бұзылады. Бір көңіл жұбатарлығы, соңғы итбалықтардың саны жайлап болса да өсіп келеді.