Нағыз балқаймақ тек жаңа сауылған сүттен әзірленуі тиіс екен. "Егер тұрып қалған сүт болса, оның дәмі бұзылып, балбырап шықпайды", дейді бала кезінен балқаймақты баппен әзірлеп үйренген Айгүл Қойшығұлова. Түйе шаруашылығын ұстап отырған ол, ұлттық тағамды әзірлеудің жолымен таныстырды.
- Мінекей құйғаннан кейін, сүт қайнағанша қантымызды саламыз.
- Мөлшері қандай болуы керек?
- Мөлшері сүттің көлеміне байланысты, қазір мысалы 5 литр құйсақ, осы көлемде қант саламыз.
- Басқа ештеңе қоспаймыз.
- Сүттің өзін қайнатамыз. Қанты неғұрлым көбірек қосса, дәмі де жақсы болып, ұзақ сақталуына да пайдасы тиеді.
Қайнап тұрған сүтті үнемі араластырып, қырғышпен қазанның түбін қырып отыру қажет екен. Әйтпесе, түбі күйіп жабысып қалады да, дәмі бұзылады. Жарты сағаттың көлемінде сүт бұрқылдап қайнай бастайды. Сол кезде отты баяулатады. Бірер сағатта суы тартылып, қоюлана түседі де, қызара бастайды. Балқаймағымыз әбден қоюланғанда оттан түсіріп, суытамыз. Одан соң, қырғышпен қырып алып, белгілі бір формаға келтіреміз. Айта кету керек, балқаймақ таза ақуыздан тұрады, сондықтан денсаулыққа өте пайдалы екен. Мұны дәрігерлер де растап отыр.
Сағира Қанатова - дәрігер
Бұл таза сүт болғандықтан белок болып келеді. Біз өзіміз белоктан тұрамыз. Ол организмге күш-қуат алуға, барлық клеткаларын жандандыруға, иммунитетін көбейтуге және асқазан ішек жолдарының жұмысын күшейтуге, табиғи микрофлораны ұстап тұруға, денсаулығының жақсы болуына әсер етеді. Қан аздығымен ауыратын ауруға, панкреатиті бар адамдарға, жалпы қанын күшейтеді. Метаболизм жақсартады.
Ұлттық тағамдар, соның ішінде балқаймақты балаларға қорықпай беруге болады. Оның бір ерекшелігі-баланың да үлкеннің де тісіне ешқандай зияны жоқ. Оның құрамында Д дәрумені мол болғандықтан баланың ой-өрісінің одан әрі дамуына көп әсерін тигізеді. Тағы бір ғажабы, балқаймақты шәймен ішкенде сүт қатпаса да болады.
Айнұр Маратқызы - тілші
Дәмі бал татитын тіскебасар дүкендегі тәттілерден анағұрлым пайдалы әрі құнарлы. Сондықтан түйенің сүтінен әзірленетін ұлттық тағамның бұл түрі, Маңғыстаулықтардың дастарханынан қысы-жазы үзілмейді.