Арқалы ақындар  бүгінгі аламанда бір емес үш алыпты ұлықтады. Жалынды жастар Нұрым мен Қашағанды, жыр алыбы Жамбылды айтып, тарихқа терең бойлады. Тәу етер тәуелсіздікті де жырларына арқау етті.

Аймақтық айтыста саңлақтардың қарымын журналист-жазушы Ерекен Қорабаев, айтыскер ақындар Бауыржан Халиолла мен Марат Ахметов, сондай-ақ  филолог Әділет Қабылов пен ақын Фархад Мұсаевтар бағалап, қазылық етті.

Бауыржан Халиолла - қазылар алқасының төрағасы

Жақсы тәжірибе деп ойлаймын. +СКЛ Бұл өлкеден республикалық аламан айтыстарға бақ сынайтын, елдің намысын, елдің сөзін сөйлейтін ақындар шығады деген сөз. Біз және соған сенеміз. Бұл мектеп, бұл аймақтан кешегі Жеті Жүйрік, Бес қайқының ізін жалғаған жақсы-жақсы сөз ұстаған ақындардың шығатынына тілекшіміз және.

Киелі өнердің өңірде насихатталуына мәдениет басқармасы мұрындық болды. Басты мақсат - өңірлердегі айтыс мектебінің шығармашылық әлеуетін дәріптеу.

Фархад Мұсаев - қалалық "Жыр жебе" ақындар мектебінің жетекшісі

Айтыстың негізгі мақсаты - осы өңіріміздегі кенже қалған, бабаларымыздан мұра болып қалған төл өнерімізді ары қарай дамыту. Ел арасынан шыққан талантты тумаларды ары қарай жоғары биіктерге көтеру негізгі мақсаты.

Сахнаға шыққан 5 жұп та суырыпсалмалылығымен дес бермеді. Сөзден сүрінбеді. Ғасырлардан бері халықпен біте қайнасқан айтыс шымылдығын маңғыстаулық Алшын Суемов пен Жаңажол Мұқан түрді. Көпті күлдіріп, айтыстың жарасымды үлгісін көрсетті. Бірін-бірі әзіл қалжыңмен қағытып отырды.

Алшын Суемов - айтыскер ақын

Бұл айтыстың жүгі өте ауыр. Өйткені Ақтөбе мен Маңғыстаудың арасында өтіп жатқан бұл жекпе-жекпе айтыс десек те болады. Намысты қорғау керек. +СКЛ Біздің осы айтыс ақсүйек өнеріміз өлмесе екен. Жалғасын таба берсе екен деп тілейміз.

Жаңажол Мұқан - айтыскер ақын

Қарсыласым өзімнің досым Алшын Суемов деген жігіт. Екеуміз жаңа сөз сайыстырдық. Тәуелсіздік, Нұрым, Қашаған аталарымыздың мерейтойы биыл. Соны барлығын қамтып, айтыста айттық.

Жыр додасында бақ сынаған ақындар сөзге шешендігі мен ой ұшқырлығын көрсетті. Төл өнерге шөлдеген көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Шындықты домбыраның шынағына сыйдырған ақындардың өнеріне көрермен риза болды.

Ойдың тұнығын, сөздің шымырын теріп, көрерменді қуантқан жыр жампоздарына қаржылай сыйақы табыс етілді. Үшінші орынды ақтаулық Ердәулет Сардар, екінші орынды ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев иеленді. Бірінші орынды ақтөбелік Шынарбек Тұрсын қанжығасына байлады. Ал бас жүлдені бағы мен бабы келіскен маңғыстаулық Алшын Сүйемовке бұйырды.