Рухты ақынмен кездесуге осы жылы мектеп оқушылары ниет білдіріпті. Ақынды ортаға алып өлең оқыды, жырларын жатқа айтты. Тек оқушылар емес, мұғалімдер де өнер көрсетті. Тіпті ақын шығармашылығынан сахналық қойылым көрсетілді. Сазгерлер болса, ақын сөзіне жазылған әндерден орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Дильназ Зулхажы бала күннен өлеңге кұмар. 2 сынып оқушысы түрлі ақындардың өлеңдерін жаттап қана қоймай, кейде өзі де қалам тербеп өлең жазатынын айтады. Арманы ақын болу.

Дильназ Зулхажы - оқушы

Мен болашақта ақын болғым келеді. Көптеген өлеңдер жаттаймын. Маған өлең жазған ұнайды.

«Әр қазақ - менің жалғызым» - деп жырлаған Сабыр Адайдың өлеңдері ұлтжандылық, Отансүйгіштікке тәрбиелейді. Сол үшін ол өлең сүйер оқушы қауымға жақын. Бұдан бөлек, Сабыр Шеркешбайұлы «Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени орталықтың құрылуына мұрындық болғандардың бірі. Сол себепті ұйымдастырушылар шараның басын «Отпан тау»-ға саяхаттаумен бастаған.

Гүлнұр Себепбаева - ұйымдастырушы

Сабыр ағамен кеш өткізудің барысында "Отпан тау" тарихи-мәдени этнографиялық кешенінің авторы болғандықтан кештің дайындығын "Отпан тауға" саяхаттаудан бастадық. Үлкен аға ұстаздар бастаған бір топ жастармен ол жерде тарихи ескерткіштердің мағлұматтарымен танысып, жастардың патриоттық сезімі оянып, ұран оттың мағына не екенін түсініп, жақсы көңіл күйде рухани байып қайтты. Мұның өзі жастарға патриоттық сезім ұялатады деп есептеймін!

"Отпан тау" Адай ата ұрпақтарының қара шаңырағы саналады. Сондықтан, өскелең ұрпақ оны білуі тиісті. Ал, мұндай шаралар олардың біліктілігін артырады. Сондай-ақ, еңбегі ерен азаматтарды танып, олардың шығармашылығымен танысады. Сол себепті де әдеби кештер алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетін болады деген сенім мол - дейді ұйымдастырушылар.