Айнұр Маратқызы

Журналист мамандығы - қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білім мен дәлдікті, жеделдікті, шыншылдықты талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің жұмыс күні қалай өтеді? Бүгін сіздерге толассыз ақпарат ағынының ортасында жүрген тілшілердің тынымсыз тірлігін көрсетеміз.

ТІлшілердің жұмыс күні жиналыстан басталады. Басқосуда көрерменге ұсынылатын өңірдегі өзекті мәселелер талқыланып, тақырыптар бекітіледі. Әр журналист өзіне жүктелген  тапсырманы жан-жақты зерделеп, сұхбат алып, түсірілім жасайды. Көрген-білгенін, түйгенін саралап, мәтін жазады.

"Журналистің жұмысқа баратын уақыты белгілі, қайтатын уақыты белгісіз". Иә, тілшілер уақытпен санаспай жұмыс істейді. Ауа-райына да қарамайды, Кейде аяқ асты түсірілім шықса, жүздеген шақырым жерге де жолға шығып кете береді. Тақырып та талғамайды. Бірде арнайы шараға қатысса, бірде оқиға орнынан табылуы тиіс. Ал кейде тұрғындардың шағымына байланысты материал әзірлесе, кей кездерде қуанышымен бөліседі.

Жансая Оразай - тілші

Тілшілер күніне ондаған түсілірімдерге барады. Ал телеарнада олардың жұмысын  реттеп отыратын арнайы маман бар.

Эльмира Қисметова - үйлестіруші

Мәтін тексеруден өтіп, мақұлданған соң, журналист монтаж бөлмесіне кіріп, оны дыбыстайды. Ал монтажер лезде  мәтінге сай кадрларды жинақтап, бейнесюжет әзірлейді. Өйткені, эфир уақытына үлгеру керек. Ал журналистердің күні бойы жасаған сюжеттері жаңалықтар топтамасын толықтырады. Осылайша, бүкіл бір редакцияның бір күндік еңбегі көрермен назарына ұсынылады.