Құланды ауылында бес тыл ардагері бар. Салтанаттың басты қонақтары да осы кісілер. 81 жастағы Сауамаддин Өткілбаев осы Қарақия ауданынң тумасы. Әкесі Өткілбай мен ағасы Мейірхан соғысқа барып, ауылға аман - есен оралған. Сол кездері алты жасар Сауамаддин анасы екеуі өлместің күнін кешіп, колхоздың шөбін шауып, малын баққан. Соғыстан кейінгі жылдар мал дәрігері, ферма меңгерушісі, Құланды ауыл советі, ветеринариялық станцияның басшысына дейін барып, құрметті демалысқа шыққан. Үш ұл, үш қыздың әкесі бүгінде отыз немере - шөбересін қызықтап отыр.
Сауамаддин Өткілбаев - тыл ардагері
«Шешеміз екеуміз колхоздың төл тәрбиелеушілерімізбін. Соны күтіп отыратынбыз. Себебі, күнелтіміз сол болды ғой. Соғыстың уақытында қиын болды. Сол қиындықты жеңу үшін біздерге жастайымыздан жұмысқа араласуымызға тура келді».
Мемориалдық тақтаға соғыстан оралмаған, ауылдың жиырма төрт батырының есімдері қашалып жазылған. Тыл ардагерлері мәңгілік алау монументіне гүл шоқтарын қойды. Ауыл әкімі мерекелік тілегін айтты.
Санат Төкенов - Құланды ауылының әкімі
«Тәуелсіз елімізді, Отанымызды қорғайтын азаматтарымыз, ұрпақтарымыз көп болсын. Дені сау ұрпақ болып өсе берсін. Арамызда осы қан майданда ерліктерін көрсеткен аталарымыз болмасада, солардың ізін көрген, өмірін жалғастырып келе жатқан тылда еңбек еткен ардагерлеріміз бар. Осыларды солардың көзіндей көріп, құрметтеу баршамыздың парызымыз».
Мың алты жүздей тұрғыны бар Құланды ауылы жыл санап көркейіп келеді. Мерекелік шаралардың барлығы дерлік орталық саябақта өтеді. Алайда, мұнда осы күнге дейін сахна болған емес. Осыны ескерген Құланды орта мектебінің 1996 жылғы түлектері қос мереке қарсаңында ауылдықтарға үлкен тарту жасады.
Ербол Шақпақов - Құланды орта мектебінің 1996 жылғы түлегі
«Өзіміз ауылда өскеннен кейін артымыздан із қалдырып, жастарға үлгі болсын, мұндай әдет жалғасып кетсін деген оймен сыныптастарымызбен ақылдаса келе мәдени шаралар өтетін сахна салып беруді жөн көрдік».
Жаңа сахнада ауыл өнерпаздары мың бұрала би билеп, әуезді ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Жыин соңында өмірден озған ұлы отан соғысы ардагерлерінің рухына құран бағышталып, ас - садақа берілді.