"Өркен" аула клубы 6 жыл бұрын  №23 мектебінің жанынан ашылды. Оқушылар бос уақытын осында өткізеді. Мұнда қазір 5 үйірме жұмыс істейді. Тәлім беруші мұғалімдердің барлығы да жоғары білімді, білікті мамандар. Солардың бірі  Гүлжанат Түлкібайқызы. Ол, қолөнер үйірмесінде балаларды жүннен киім тоқу, квиллинг, тігу, кілем теру, киіз басу сияқты түрлі  бұйымдар жасауға үйретеді. 

Гүлжанат Түлкібайқызы - қолөнер үйірмесінің жетекшісі

Бірінші шәйнектің астына арналған майлықтан бастадық, содан кейін жұмсақ ойыншықтарды тоқып үйрендік, содан соң үстімізге киетін жамылғы-кардигандарды тоқыдық.

Қолөнер үйірмесіне қатысатын балалардың жеткен жетістіктері де жетерлік.  Балалар, республикалық деңгейде өткізілетін байқауларға қатысып жүлделі оралып жүр. Қазір үйірмеге жаңа қатысып жүрген оқушылар, шәлі, шұлық, жамылғы тоқуға машықтанған.

Айзада Өтегенқызы - үйірмеге қатысушы

Мына ойыншықтардың барлығын өзім тоқыдым. Мысалы, мына жолбарыс ойыншығын басын, денесін, мұрнын бөлек тоқыдым, сосын, бәрін біріктірдім, бастапқы кезде қиын болды қазір үйрендім.

Балалардың қолынан шыққан бұйымдар  жоғары сұранысқа ие. Таяуда жергілікті кәсіпкер сәбилер  фотосессиясына  үйірмеден бас киім, көрпеше, мойынбауларды сатып алуға тапсырыс беріпті. Аула клубының жетекшісі , келешекте үйірменің жұмысын кеңейтіп, бұйым түрлерін көбейтуді  жоспарлап отыр.