Тізіліп тұрған мына егіздер Жолдасбек пен Төребектің туыстары. Он егіз екі егіз жұпты құттықтауға келді.
Кезекпен кіреді туыстары егіздер
Егіз ағайындарынан кейін қос жұп кіргізілді. Төрге алдымен Төребек пен Асыл жайғасты. Төменгі қатарға екінші жас жұбай отырды. Әйтпесе, куәгерлерді қосқанда, сегіз адам бір дастарханға сыймайды. Егіз келіннің енесі болса бақыттан басы айналып жүр. Айым мен Асыл шаңыраққа түскелі ата-енесі біраз уақыт ажырата алмаған. Тағдыр төртеуін бекер тоғыстырмапты. Егіз жігіттің бала кезінде әжесі өздеріндей егіз қызға үйленуін көзі тірісінде аманаттап кеткен. Той иесі ұлдарының аманатқа қиянат жасамағанына қуанып отыр.
Лиза САРБАЛАЕВА - ЕГІЗ ЖІГІТТІҢ АНАСЫ
-Санын айта алмаймын. Бірнеше рет шатастырдым. Әлі де шатастырып аламын. Дастарханда отырғанда, есіктен кіріп келгенде қайсысы кім екенін білмей қалам. Менің анам 1997 жылы ауырып жатқанда айтып кеткен еді. Егіз бала өздеріне сай қылып егіз қызды алсын деп. Мен содан бері балаларыма айттым әжелерің осылай айтып кетті деп. Егіз балам содан ұғып алған екен. Бірақ, оларға егіз қыз алың деп талап қойғанымыз жоқ. Бұл тағдыр ғой...
Айым мен Асыл Орал қаласының тумасы. Жерлесіміз Төребек пен Жолдасбек сол қаладағы университетте оқиды. Болашақ мал дәрігерлері. Ал, қыздар мұғалім. Екі егіз жұптың қалай танысқандары Маңғыстау жұртына қызық. Олардың махаббаты бәтеңкеден басталыпты.
Жолдасбек - ЕГІЗДІҢ СЫҢАРЫ
-Айым Оралда сауда орталықтарының бірінде аяқ қиім сатушысы болып жұмыс жасады. Мен дос баламмен бәтеңке алуға бардым. Сол кезде әдемі қызды сөзге тарту үшін бәтеңкенің дәл сондай екінші түрін сұрадым. Сол кезде Айым екіншісі неге керек деп сұрады менен. Егізім бар еді деп жауап бердім. Айым да сол кезде менің де егізім бар деп айтып қалды. Енді танысайын десем, атын айтқан жоқ. Кейін әлеуметтік желілер арқылы тауып алып, сөйлесіп кеттік. Біздер егіз болған соң емес, бір бірімізді жақсы көргендіктен үйленіп жатырмыз.
Төребек Жолдасбектен он минут ерте туылды. Ол сыңарының "егіз қызбен бірге кездесейік" деген ұсынысын қуана қабылдаған. Биыл танысқандарына бір жыл.
Төребек - ЕГІЗДІҢ СЫҢАРЫ
Басында 2-3 күндей айыра алмай жүрдік. Сосын көзіміз үйреніп кетті. Қазір бірден танимын, екеуінің даусына дейін ажыратып білем.
Айым - ЕГІЗДІҢ СЫҢАРЫ
Ең бірінші танысқан кезде, автобусқа мініп мейрамханаға бара жатырдық. Сол кезде қасымда қайсысы отырғанын білмеймін. Екінші автобусқа отырғанда да шатастырып алдым қайсысының қасында отырғанымды әлі күнге дейін білмеймін. Біздер абысын келін емес, егіз болып қала береміз..
Көпшіліктің қызығушылығын туғызған егіздердің бас қосуы әлеуметтік желілерде де талқыланып, танымал әншілер құттықтап жатыр. Егіз жігіттің егіз қызға үйленуі өмірде сирек кездеседі. Мұндай қызық жағдай Маңғыстауда бірінші рет тіркелді.