Облыстық әкімдік аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Айнагүл Рүстемова бүгін алғаш рет жұмысқа зерлі бешпент киіп, ақ жаулық тартып келді. 20 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрген ол, арнайы бір күннің ұлттық киім күні деп белгіленгеніне дән риза. Мұндай киімді той-томалақта ғана емес, жұмысқа киюге болатынын айтады.

Айнагүл Рүстемова - облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы

Ерекше күн. Кеше енді дайындалдық. Мен ойлаймын барлығы да осындай көңіл-күйде деп. Өзімнің жаным қуанып тұр. Өзіме-өзім риза болып. Действительно көктем дейді ғой. Далада көктем. Көктемнің өзі айтады, қызғалдақтай құлпырып деп, жайнап деп. Мен ойлаймын, ұлттық киімді әртүрлі қып киюге болады. Жұмысқа бізге жилетка қылып, қазақша орнамент салып, күнде киіп жүруге болады.

Облыстық әкімдіктегі көңіл-күй бүгін ерекше. Бір қарағанда әрдайым ұстамды киінетін мемлекеттік қызметкерлерді тану қиын. Дәлізден қызылды-жасылды, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген кәжекей киген қыз-келіншектер кездестіресіз.Тіпті, арасында қос етек көйлек киіп, бұрымына шолпы тағып келгендері де бар.

Мөлдір Сүлейменова - облыстық инвестиция және туризм басқармасының маманы

Осының бәрі ежелден келе жатқан ата-бабамыздың салтын сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсат. Бүгінгі іс-шараға  қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Барлық ұйымдастырушыларға рахметімді жеткізгім келеді. Және де осы жауапты сәтті маған сеніп тапсырып отырған басшыларыма, әріптестеріме алғысым шексіз.

Айнұр Маратқызы - тілші

Бұл бастаманы облыс жұртшылығы жылы қабылдап, көпшіліктен қолдау тапты. Бүгін облыстағы барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлері, этно-мәдени орталықтар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар барлығы ұлттық киім киіп жүрді.