Сонымен, АЭС салу бойынша республикалық референдумда дауыс беру аяқталды. 1 сағат бұрын елдегі барлық учаске жабылды. Сағат 20.00 де дауыстарды санау басталды. Орталық референдум комиссиясының 18.00 дегі дерегі бойынша елдегі дауыс беруге құқылы 12 млн-нан астам адамның 62 пайызға жуығы өз таңдауын жасаған. Қоғамдық науқанның нәтижесі дауыс берген күннен бастап 7 күн ішінде жарияланады. Еске салсақ, бүгін таңғы сағат 7.00-ден кешкі 8-ге дейін ел көлемінде 10 мың 323 учаске жұмыс істеді. Ал, Қазақстан аумағынан тыс 74 референдум учаскесі құрылып, отандастарымыз әлемнің 59 елінде таңдауын жасады.