Негізгі Жаңалықтар Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды іс-шараларын жалғастыруда

Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды іс-шараларын жалғастыруда

Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды іс-шараларын жалғастыруда

Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында саяси партиялардың өңірлік филиалдары түрлі форматтағы іс-шаралар өткізуде. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда, сондай-ақ ақпараттық материалдарды тарату жұмыстарын жүргізуде.

«Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы бірқатар еңбек ұжымдары мен түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізді. Іс-шаралар МЭМ, «KMG EP-CATERING» ЖШС, «KAZTRANSOIL» кәсіпорындары, медицина мекемелері, сондай-ақ жастар, спортшылар және ардагерлердің қатысуымен өтті. Кездесулер барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек, білім беру, денсаулық сақтау және жастар саясаты мәселелері талқыланды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Қарақия ауданының Құланды ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қойылған сұрақтарға жауап берілді. Сонымен қатар ақпараттық материалдар таратылды.

«Байтақ» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылында орналасқан «Мұнайлы жылу, су» КММ еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, ауыз сумен қамту, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер төңірегінде пікір алмасып, қатысушылардың ұсыныстары тыңдалды.

Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласындағы «РемСтройСервис» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға ақпараттық материалдар таратылды.

«Ауыл» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы М.Тынышбаев атындағы Ақтау көлік колледжінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, қатысушылармен пікір алмасу ұйымдастырылды. Сондай-ақ қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар талқыланды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Ақтау қаласында әуесқой футболшылармен кездесті. Еркін форматтағы жүздесуде жастарды қолдау, бұқаралық спортты дамыту және қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, қатысушылардың пікірлері мен сұрақтары қаралды.

Respublica партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «МАЭК» ЖШС еңбек ұжымымен және өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өткізді. Іс-шараларда партияның сайлауалды бағдарламасы мен кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы дамытуға қатысты бастамалары таныстырылып, қатысушылардың сауалдарына жауап берілді. Сондай-ақ Қарақия ауданының Құрық ауылында заң талаптарына сәйкес арнайы белгіленген орындарға үгіт материалдары орналастырылып, тұрғындарға ақпараттық буклеттер таратылды.

Өңірлік филиалдардың сайлауалды іс-шаралары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жалғасуда. Кездесулер барысында партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, тұрғындармен және еңбек ұжымдарының өкілдерімен пікір алмасу жұмыстарын жүргізуде.

Бөлісу