Келесі жылы Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысының бірінші кезеңі аяқталуы тиіс. Еліміздегі басты теңіз айлағы жылына 120 мыңға дейін жиырма фунттық эквивалент контейнерді қабылдайды. Жобаның екінші кезеңі біткен соң хаб жылына 300 мың контейнерді өткізеді. Яғни Қытайдан контейнермен шыққан транзиттік жүк теміржол арқылы қазақстандық су айлағына келеді. Порттан кемеге тиеліп, шетел асады. Контейнерлік хаб сол үшін қажет. Келешекте порт қызметін тұтынушылар әртүрлі жүкті көлік немесе вагонмен жеткізіп, одан әрі контейнермен жөнелтуіне жағдай жасалады. Жоба «Ақтау порты» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатыр.