Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылында қайғылы жағдай тіркелді. 11-ші сыныптың оқушысы әлімжеттіктің құрбаны болды. Бауыр еті баласынан айырылған ата-ана кінәлілер тиісті жазасын алсын деп отыр. Қайғыдан қара жамылып отырған отбасы 17 жастағы Сағындық Құрманиязды “ауылдағы өзінен үлкен жастар ұрып соғып өлтірді” дейді. Яғни өрімдей бала ел арасында “Ауыл старшактары” атанғандардың қолынан қаза тапқан. Қайғылы оқиға болған күні марқұмның достары да үлкендерден оңбай таяқ жегендерін жасырмады. Тұрғындар аядай ғана елдімекенде жасы кішілерді құлша жұмсап, әлімжеттік көрсететін ұйымдасқан топ бар дейді.