Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында саяси партиялардың өңірлік филиалдары жоспарлы жұмыстарын жалғастыруда. Өңірде партия өкілдері еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру және заңнамада белгіленген тәртіппен ақпараттық материалдарды орналастыру жұмыстарын жүргізуде.


«Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық сайлауалды штабтарының өкілдері Ақтау қалалық №2 емханасының ұжымымен, қала тұрғындарымен және қоғам өкілдерімен кездесулер өткізді. Іс-шаралар барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, денсаулық сақтау, заң үстемдігі, тұрғын үйдің қолжетімділігі және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, ақпараттық материалдар таратылды.


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы өңірде ақпараттық жұмыстарын жалғастыруда. Осы бойынша Түпқараған және Бейнеу аудандарында жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы орындарға партияның сайлауалды материалдары орналастырылып, тұрғындарды партияның бағдарламасы мен кандидаттары туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.


«Байтақ» жасылдар партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауруханасы мен Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, экология, халық денсаулығы және тұрақты даму мәселелері жөнінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің ұсыныстары мен сауалдары қаралды.


«Қазақстан Халық партиясының» Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері Қарақия орталық аудандық ауруханасының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, қатысушылармен пікір алмасу және алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды жұмыстары Маңғыстау ауданының Оңды ауылында тұрғындармен және Ақтау қаласындағы «Ясин» медицина орталығы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесулер арқылы жалғасты. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, әлеуметтік-экономикалық даму, денсаулық сақтау және халықтың өмір сүру сапасына қатысты бастамалар талқыланды. Қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.


«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабының өкілдері Мұнайлы орталық аудандық ауруханасының ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, денсаулық сақтау саласын жетілдіру, медициналық көмектің сапасын арттыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығы және медицина қызметкерлерінің мәртебесіне қатысты бастамалар ұсынылды. Кездесу соңында ақпараттық материалдар таратылды.


Respublica партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «КМГ Инжиниринг» – «КазНИПИмұнайгаз» ЖШС филиалының еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, мұнай-газ саласын дамыту, өндіріс тиімділігі, отандық мамандарды қолдау және азаматтардың саяси үдерістерге қатысуы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.


Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде Маңғыстау облысындағы саяси партиялардың өңірлік филиалдары еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізу, сайлауалды бағдарламаларын таныстыру, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы өз қызметін жалғастыруда. Іс-шаралар қолданыстағы сайлау заңнамасы талаптарына сәйкес ұйымдастырылуда.