Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жүргізуде
Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды кезең аясында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, өз бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстыруда. Кездесулер барысында әлеуметтік-экономикалық даму, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, экология және басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу жүргізіліп, азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
«Әділет» партиясының өкілдері өңірдегі бірқатар еңбек ұжымдарымен, жастармен, сала ардагерлерімен және ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, «Қазпошта» АҚ, «Роел Хаус» ЖК, «ТрубремЦентр» ЖШС, «KTI Group» ЖШС және «Маңғыстау» сауда-ойын-сауық орталығының ұжымдарымен пікір алмасты. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттары таныстырылып, тұрғындарды толғандырған әлеуметтік және басқа да мәселелер талқыланды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласында тұрғындармен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Сонымен бірге азаматтарға партияның сайлауалды бастамалары жөнінде ақпарат беріліп, үгіт-насихат материалдары таратылды.
«Байтақ» жасылдар партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласы мен Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Партияның ерікті жастары тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша ақпарат берді.
«Қазақстан Халық Партиясының» Маңғыстау облыстық филиалы «Қарлығаш» балабақшасының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, қызметкерлермен пікір алмасылды. Кездесуде ұжым мүшелерінің ұсыныстары тыңдалып, сайлауалды материалдар таратылды.
«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы «Caspi Bitum» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, кәсіпорын қызметкерлерімен пікір алмасты. Сонымен қатар еңбек ұжымының ұсыныстары тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Uzen Medical ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, әлеуметтік-экономикалық даму, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек адамының мүддесін қорғау мәселелері сөз болды. Ұжым мүшелерінің сұрақтары мен ұсыныстары да тыңдалды.
Respublica партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Мұнайлы ауданының тұрғындарымен қорытынды кездесу өткізді. Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, тұрғындармен пікір алмасты. Қатысушылардың сұрақтары, ұсыныстары мен өзекті мәселелері тыңдалып, кері байланыс орнатылды.
Осылайша, өңірдегі саяси партиялардың филиалдары сайлауалды кезеңде түрлі әлеуметтік топтармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, өз бағдарламалары туралы ақпарат беріп, азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын жинақтауда. Партиялардың өңірдегі іс-шараларының негізгі формалары қатарында кездесулер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және сайлауалды материалдарды тарату жұмыстары бар.