Негізгі Жаңалықтар Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жүргізуде

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жүргізуде

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жүргізуде

Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды кезең аясында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, өз бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстыруда. Кездесулер барысында азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек, әлеуметтік сала және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

«Әділет» партиясының өкілдері «ӨзенМұнайСервис», «МұнайФильдСервис», «Ақжол құрылыс» және «BEST GROUP SD», «МРЭК» мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесті. Сонымен қатар партия ардагерлерімен, сауда орталықтарындағы жастармен, түрлі сала өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен пікір алмасты. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және тұрғындарды толғандырған басқа да мәселелер қаралды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласында тұрғындармен бірқатар кездесу өткізді. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, ақпараттық материалдар таратты. Кездесулер барысында тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, сайлау үдерісіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы да Ақтау қаласында тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Партия өкілдері ерікті жастармен бірлесіп, қала тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасы мен негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Сонымен бірге тұрғындарға ақпараттық материалдар таратылып, олардың пікірлері тыңдалды.

Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, әлеуметтік саладағы мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Кездесуге қатысушыларға сайлауалды ақпараттық материалдар ұсынылды.

«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы «Каспий» су тұщыту зауыты мен «Морпорт» СЭЗ мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өндіріс саласына қатысты мәселелер талқыланды. Еңбек ұжымдарының сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық штабы Ақтау қаласындағы «Каскор-Машзавод» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Партия өкілдері саяси бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, әділ бәсекелестік және еңбек адамының мүддесіне қатысты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында өндіріс қызметкерлерінің сұрақтары мен ұсыныстары қаралды.

Respublica партиясының өңірлік сайлауалды штабы «Қарақұдымұнай» ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде мұнай-газ саласының дамуы, еңбек адамдарының жағдайы, жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік мәселелер көтерілді. Сондай-ақ өндірістегі еңбек қауіпсіздігіне қатысты пікір алмасып, ұжым мүшелерінің ұсыныстары тыңдалды.

Осылайша, өңірдегі саяси партиялардың филиалдары мен сайлауалды штабтары сайлау кезеңінде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, бағдарламалық бағыттарын таныстыруға, азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдауға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Аталған іс-шаралар барысында өңір тұрғындарын толғандыратын әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық мәселелер бойынша пікір алмасу ұйымдастырылған.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар