Құрылтай: қоғамның саяси иммунитетін тексеретін кезең
Ақпарат көбейген сайын қоғамның таңдауы автоматты түрде сапалы бола түседі деген түсінік бар. Шын мәнінде, мәселе ақпараттың көлемінде емес, оны сүзгіден өткізе білуде.
Саясатта бұл қабілетті шартты түрде қоғамның «саяси иммунитеті» деуге болады. Ол – кез келген ұранға ермей, кез келген уәдеге сене салмай, ұсыныстың астарына үңілу қабілеті. Қай мәселе шынайы? Қайсысы эмоцияға құрылған? Қай ұсыныс іске асатын жоба, қайсысы сайлауалды риторика ғана? Саяси мәдениеттің сапасы осындай айырмашылықтарды ажырата білуден көрінеді. Құрылтай сайлауы осы тұрғыдан ерекше сынақ.
Бір палаталы жаңа Құрылтайдың алғашқы құрамын жасақтау үшін 2026 жылғы 23 тамызда сайлау өтеді. Науқанға жеті саяси партия қатысып отыр, олардың өкілдері өз бағдарламаларын теледебаттарда ұсынып, бір-бірінің ұстанымдарына баға беруде.
Бұл – сайлаушыға салыстыру үшін мүмкіндік. Бірақ таңдау мүмкіндігінің болуы мен саналы таңдау жасау – екі бөлек нәрсе.
Саяси популизмнің ең қарапайым құралы – күрделі мәселені өте қарапайым уәдемен түсіндіру. Халыққа ұнайтын бір сөйлем айту оңай. Ал сол уәденің экономикалық, әлеуметтік немесе құқықтық салдарын түсіндіру әлдеқайда қиын.
Мысалы, белгілі бір мәселені бір күнде шешуге уәде беру оңай болуы мүмкін. Бірақ оны жүзеге асыру үшін қандай заң керек, қандай қаражат қажет, қандай мемлекеттік институттар қатысады, нәтиже қашан көрінеді деген сұрақтарға жауап беру – саяси дайындықтың шынайы көрсеткіші.
Сондықтан сайлаушының сұрағы да өзгеруі керек. «Не істейсіз?» дегеннен кейін міндетті түрде «Қалай істейсіз?» деген сұрақ тұруы қажет. Осы талап күшейген сайын саясаттағы жауапсыз уәденің кеңістігі тарылады.
Қоғамның саяси иммунитеті де дәл осылай қалыптасады. Ол бір күнде пайда болмайды. Әр сайлау, әр пікірталас, әр қоғамдық талқылау арқылы жетіледі.
Бұл процесте әлеуметтік желінің де қос қыры бар. Бір жағынан, ол кандидат пен сайлаушының арасындағы арақашықтықты қысқартты. Екінші жағынан, эмоциялық әрі қысқа контенттің таралуын жылдамдатты. Сондықтан бүгінгі азаматқа ақпаратты қабылдау ғана емес, оны тексеру, салыстыру, контекстпен қарау қабілеті қажет.
Құрылтай сайлауының маңызын осы қырынан бағалау қызық. Бұл науқан кандидаттарды ғана сынамайды. Сайлаушының өзін де сынайды.
Қоғам кімнің сөзіне назар аударды? Нені маңызды деп санады? Қандай аргументті қабылдады? Қандай уәдеге күмән келтірді? Осының бәрі елдегі саяси мәдениеттің нақты көрінісі. Сондықтан мықты қоғам – бәріне күмәнмен қарайтын қоғам емес. Мықты қоғам – дәлел мен дабыраны ажырата алатын қоғам.