Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында саяси партиялардың өңірлік филиалдары түрлі форматтағы іс-шаралар өткізуде. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда, сондай-ақ ақпараттық материалдарды тарату жұмыстарын жүргізуде.


«Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы өңірдегі бірқатар еңбек ұжымдары мен мекемелерде кездесулер өткізді. Атап айтқанда, «Ақтау ALT көлік колледжі», «Мұнайтелеком» ЖШС, Мұнайлы ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Фариза Оңғарсынова атындағы аудандық мәдениет үйі, «Асқар ұн-жарма комбинаты» ЖШС, «Turan Aktau KZ» және «МобилСервисГрупп» ЖШС ұжымдарымен өткен кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, қатысушылармен пікір алмасу ұйымдастырылды.


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап, партияның ақпараттық материалдарын жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы орындарға орналастыруда. Ақпараттандыру жұмыстары Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау мен Түпқараған аудандарында жүргізілуде.


«Байтақ» жасылдар партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласында еріктілермен кездесу өткізді. Кездесуде сайлауалды штабтың жұмыс жоспары, үгіт-насихат жұмыстарының ұйымдастырылуы, халықпен байланыс орнату тетіктері және еріктілердің алдағы міндеттері талқыланды.


«Қазақстан Халық Партиясының» Маңғыстау облыстық филиалы Шетпе кентіндегі «КаспийЦемент» цемент зауытының ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды және қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.


«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өндіріс саласы қызметкерлерімен ашық диалог форматында пікір алмасты.


«Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай, Рахат, Кендірлі және Таңге ауылдарында жалғасты. Партия еріктілері арнайы белгіленген орындарға үгіт материалдарын орналастырып, тұрғындар арасында ақпараттық парақшалар таратты. Сондай-ақ тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


Respublica партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «OSS Kazakhstan» компаниясының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, алдағы Құрылтай сайлауына қатысты пікір алмасып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.


Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде өңірдегі саяси партиялардың филиалдары еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу, тұрғындарды сайлауалды бағдарламаларымен таныстыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы өз қызметін жүзеге асыруда. Іс-шаралар қолданыстағы сайлау заңнамасы аясында ұйымдастырылуда.