Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары мен сайлауалды штабтары сайлауалды бағдарламаларын таныстыру және сайлаушылармен ақпараттық кездесулер өткізу жұмыстарын жалғастыруда. Іс-шаралар барысында партия өкілдері өздерінің бағдарламалық бағыттарын таныстырып, еңбек ұжымдары мен тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауда.

«Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық және аудандық сайлауалды штабтары бірқатар еңбек және білім беру ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Oil Transport Constraction», облыстық өнер колледжі, Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжі, «Таза Қарақия» және «Отбасы банк» ұжымдарында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Кездесулерде цифрландыру, білім, жастар, мәдениет, тұрғын үй және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, қатысушылардың ұсыныстары тыңдалды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданында ақпараттық жұмыстар жүргізді. Жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы орындарға партияның сайлауалды материалдары орналастырылып, тұрғындарға партияның негізгі ұстанымдары мен кандидаттары туралы ақпарат ұсынылды.

«Байтақ» партиясының облыстық сайлауалды штабы Ақтау қаласындағы №1 емхана ұжымымен кездесу өткізді. Жиында партияның сайлауалды ұстанымдары мен мақсат-міндеттері таныстырылды. Кездесу барысында азаматтардың әл-ауқаты, экология және қоғамдағы өзекті мәселелер, сондай-ақ медицина саласына қатысты ұсыныстар мен мәселелер талқыланып, пікір алмасу өтті.

Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Жаңаөзен қаласындағы «Korkem Alem» ет комбинаты мен теміржол вокзалының еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламасы мен негізгі мақсат-міндеттері туралы ақпарат берді. Кездесулер барысында ақпараттық-насихат материалдары таратылып, еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

«Ауыл» партиясының өкілдері «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, көлік-логистика саласын дамыту, еңбек адамының мәртебесін арттыру, әлеуметтік қолдау және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту мәселелері талқыланды. Кездесуде компания қызметкерлері өз ұсыныстары мен сауалдарын жолдады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық штабы «Хисмет» түзету-дамыту орталығының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, экономика, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлерге мемлекеттік бақылауды азайту және алғаш анықталған заң бұзушылықтарды түзетуге мүмкіндік беру мәселелері қозғалды. Іс-шара соңында ақпараттық кітапшалар таратылды.

«Respublica» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы тұрғындарды сайлауалды бағдарламасы мен негізгі бастамаларынан хабардар ету жұмыстарын жүргізуде. Партия мүшелері ақпараттық буклеттер таратып, сайлаушыларға бағдарламалық бағыттары туралы мәлімет ұсынды. Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес арнайы белгіленген орындарға сайлауалды үгіт материалдары орналастырылды.

Жалпы өңірдегі саяси партиялардың сайлауалды кезеңдегі жұмысы ақпараттық кездесулер, еңбек ұжымдарымен пікір алмасу, бағдарламалық материалдарды таныстыру және үгіт материалдарын заң талаптарына сәйкес орналастыру бағыттарында жүргізілуде. Іс-шаралар барысында тұрғындар мен ұжым өкілдерінің ұсыныстары тыңдалып, түрлі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық мәселелер талқылануда.