Маңғыстау облысында саяси партиялардың сайлауалды кездесулері жалғасуда
Маңғыстау облысында тіркелген саяси партиялардың өңірлік филиалдары Құрылтай депутаттарын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында тұрғындармен және түрлі еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Кездесулер барысында партиялардың сайлауалды бағдарламалары таныстырылып, қатысушылармен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқылануда.
«Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері Қаражанбасмұнай, ТОО УХиЭ, «KAZTRANSOIL» кәсіпорындарының және медицина мекемелерінің еңбек ұжымдарымен, сондай-ақ жастар және түрлі сала ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырды. Жиындарда партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, еңбек, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері талқыланды. Қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Қарақия ауданының Бостан ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Ауылдық Мәдениет үйінде өткен жиында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары мен әлеуметтік бастамалары туралы ақпарат беріп, тұрғындардың ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу соңында ақпараттық материалдар таратылды.
«Байтақ» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Мұнайлы ауданында аудандық аурухана ұжымымен және Батыр ауылының тұрғындарымен кездесулер өткізді. Іс-шаралар барысында партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, әлеуметтік-экономикалық даму, қоршаған ортаны қорғау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтаудағы «Сак» базарының кәсіпкерлерімен және «Меридиан» мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен қатар қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, ашық пікір алмасу өтті.
«Ауыл» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының сайлауалды штабы Ақтаудағы «Нейрон» медициналық орталығының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жөнінде ақпарат беріп, медицина саласының қызметкерлерімен пікір алмасты. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Қарақия ауданына қарасты Қарақия станциясында тұрғындарымен кездесті. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, ақпараттық материалдар таратылды.
«Respublica» партиясының өкілдері Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында тұрғындармен еркін форматтағы кездесу өткізді. Жиында ауыл инфрақұрылымын дамыту, жұмыспен қамту және өзге де өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды. Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, қатысушылардың сауалдарына жауап берілді.
Өңірде саяси партиялардың сайлауалды кездесулері бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда. Кездесулердің басым бөлігінде партиялардың сайлауалды бағдарламалары таныстырылып, тұрғындармен және еңбек ұжымдарының өкілдерімен ашық пікір алмасу ұйымдастырылуда.