Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдарының сайлауалды іс-шаралары жалғасуда
Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында саяси партиялардың өңірлік филиалдары түрлі форматтағы іс-шаралар өткізуде. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда, сондай-ақ ақпараттық материалдарды тарату жұмыстарын жүргізуде.
«Әділет» партиясының облыстық филиалы өңірдегі бірқатар еңбек ұжымдары мен түрлі сала өкілдерімен кездесулер ұйымдастырды. Іс-шаралар «Берекет-Ф» ЖШС, НГДУ-2, «Престиж» ЖШС, Туризм колледжі ұжымдарында, сондай-ақ партия ардагерлері, жастар және ауыл тұрғындарының қатысуымен өтті. Кездесулер барысында әлеуметтік-экономикалық даму, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиалы Жаңаөзен қаласындағы «Нейрон» емханасында медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында денсаулық сақтау саласындағы мәселелер көтеріліп, қатысушылар пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді.
«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы Ақтау қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлерімен және Өмірзақ ауылына қарасты Рауан елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесулерде қоршаған ортаны қорғау, қаланы абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды.
Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, ақпараттық материалдар таратты. Кездесулер барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер қаралып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
«Ауыл» партиясының облыстық сайлауалды штабы «Есіктен есікке» акциясы аясында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырды. Акция барысында азаматтарға ақпараттық материалдар таратылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстар мен сайлау жөніндегі ақпарат жеткізілді.
«Ақ жол» партиясының облыстық филиалы Жаңаөзен қаласында бірқатар өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. Атап айтқанда, «Бұрғылау» ЖШС, «ТрубРемЦентр» ЖШС және «Каскор-Машзавод» ЖШС қызметкерлерімен өткен кездесулерде өндіріс, кәсіпкерлік және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, қатысушылар пікір алмасты.
Respublica партиясының облыстық филиалы Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.
Өңірлік партия филиалдарының сайлауалды іс-шаралары қолданыстағы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес жалғасуда.