Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аясында саяси партиялардың өңірлік филиалдары өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Партиялар сайлауалды штабтарын ұйымдастырып, тұрғындармен кездесулер өткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстыру бағыттарына басымдық беруде.


«Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабы 23 шілдеде жұмысын бастап, құрамына 60-тан астам адам енді. Сайлау науқаны кезеңінде өңірде 700-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Партия өкілдері тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, жастармен және түрлі сала мамандарымен кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстыруда. Сондай-ақ «Есіктен есікке» акциясы мен ақпараттық кездесулер арқылы азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау жұмыстары жүргізілуде.


«Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық сайлауалды штабы да сайлау науқаны аясындағы жұмысын бастады. Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында тұрғындармен кездесулер өткізіліп, ақпараттық материалдар таратылуда. «Есіктен-есікке» акциясы барысында азаматтармен тікелей байланыс орнатылып, партияның сайлауалды бағдарламасы түсіндірілуде. Партия өкілдері экономиканы дамыту, адал еңбекті бағалау, кәсіпкерлікті қолдау және бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелерін көтеріп келеді.


«Ауыл» партиясының Маңғыстау облысындағы сайлауалды штабы жұмысын бастап, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастыруда. Кездесулер барысында өндірісті дамыту, еңбек адамының мәртебесін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі және ауылдық аумақтардың әлеуетін күшейту мәселелері талқылануда. Сонымен қатар партия жастарының қатысуымен экологиялық акциялар өткізіліп, тұрғындармен пікір алмасу жұмыстары жүргізілуде.


«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы сайлауалды штаб жұмысын ұйымдастырумен қатар сенімді өкілдер мен еріктілерді оқытуға көңіл бөлуде. Партия өкілдері Жаңаөзен қаласында, сондай-ақ Рахат және Теңге ауылдарында тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және ардагерлермен кездесулер өткізді. Кездесулерде экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму және өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қозғалды. Бұдан бөлек партия белсенділері тарихи-мәдени нысандарды тазарту сияқты экологиялық бастамаларға қатысты.


Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы сайлауалды штабын ашып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Филиал өкілдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасы мен негізгі бастамаларын таныстыруда. Ақтау қаласы мен Батыр ауылында ақпараттық материалдар таратылып, азаматтармен тікелей байланыс орнату жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жастарды қолдау, қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайтуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға назар аударылуда.


«Respublica» партиясының облыстық филиалы сайлауалды науқанын республикалық телемост арқылы бастап, өңірдегі ақпараттық және кездесулер форматындағы жұмыстарын жалғастыруда. Партия өкілдері мұнай-газ саласына телекоммуникациялық және IT шешімдер ұсынатын «Мұнайтелеком» ЖШС ұжымымен кездесіп, партияның қызметі мен сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облысындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары да басталды. Өңірде жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы орындарға партияның сайлауалды материалдары орналастырылуда. Бұл жұмыстар тұрғындарға партияның бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттары туралы ақпарат алуға мүмкіндік беруге бағытталған.


Осылайша, Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлау науқаны аясында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстыру, тұрғындармен кездесулер өткізу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бағытында қызмет атқаруда. Партиялардың өңірдегі жұмысы әртүрлі форматта жүзеге асырылғанымен, негізгі іс-шаралар азаматтармен тікелей байланыс орнатуға және сайлауалды бастамалар туралы ақпарат беруге бағытталған.