Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда
Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары Құрылтай сайлауына байланысты ақпараттық және сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен және түрлі әлеуметтік топтармен кездесулер өткізіп, өз бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстыруға және азаматтардың пікірлерін тыңдауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруда.
«Әділет» партиясының өкілдері «ҚазНИПИ», жеке меншік медицина ұйымдарының ұжымдарымен, партия ардагерлерімен және басқа да мекеме қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ сауда орталықтарында жастармен, түрлі сала ардагерлерімен және ауыл тұрғындарымен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Кездесулерде әлеуметтік-экономикалық даму, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және тұрғындарды толғандырған мәселелер қозғалды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласында ақпараттық жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, шағынаудандардағы тұрғын үйлерге ақпараттық материалдар орналастырылып, тұрғындарға партияның қызметі мен негізгі бағыттары туралы ақпараттық парақшалар таратылды.
«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы Жаңаөзен қаласының төменгі шағынауданында ақпараттық науқан аясындағы жұмыстарын ұйымдастырды. Партия өкілдері тұрғындар шоғырланған аумақта ақпараттық материалдарды орналастыру жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, қызметкерлердің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Іс-шара аясында ақпараттық материалдар таратылып, еңбек ұжымы өкілдерімен пікір алмасу өтті.
«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы «Қазақстан темір жолы» еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, теміржол саласы қызметкерлерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Әлеуметтік-экономикалық даму, еңбек саласы және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша ашық форматта пікір алмасу жүргізілді.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы KMG-Security ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Іс-шара барысында партияның саяси бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, экономика, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек қатынастары және мемлекеттік басқару мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қызметкерлердің сұрақтары мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстары тыңдалды.
«Respublica» партиясының республикалық штабының жұмысы аясында Маңғыстау өңірінің энергетикалық жүйесінде маңызды қызмет атқаратын МРЭК еңбек ұжымымен кездесу өтті. Кездесуде сала мамандарының жұмыс барысында кездесетін мәселелері, сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалып, өңірдің энергетика саласына қатысты өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.
Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде өңірдегі саяси партиялардың филиалдары еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу, тұрғындарды сайлауалды бағдарламаларымен таныстыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы өз қызметін жүзеге асыруда. Іс-шаралар қолданыстағы сайлау заңнамасы аясында ұйымдастырылуда.