Негізгі Жаңалықтар Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жүргізуде

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жүргізуде

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жүргізуде

Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары мен сайлауалды штабтары сайлауалды кезең аясында түрлі кездесулер мен ақпараттық жұмыстар жүргізіп жатыр. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен, жастармен және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстыруда, сондай-ақ азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауда.


«Әділет» партиясының облыстық филиалы «АЙКОМ ЛТД», «УАТ» ЖШС, Бейнеу политехникалық колледжі ұжымдарымен, этномәдени бірлестіктер, зиялы қауым өкілдері, партия ардагерлері, жастар, түрлі сала ардагерлері және ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді. Кездесулерде әлеуметтік-экономикалық даму, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау және жастар саясаты мәселелері талқыланды.


ЖСДП облыстық филиалы Ақтау қаласында тұрғындар мен қала қонақтары арасында сауалнама жүргізіп, партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпараттық материалдар таратты. Сонымен бірге азаматтармен пікір алмасып, бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік сайлауалды штабы Қарақия ауданының Құрық ауылындағы «Оксонмед» оңалту орталығы мен Қарақия кәсіптік гуманитарлық колледжінің ұжымдарымен кездесті. Кездесулер барысында партияның сайлауалды ұстанымдары мен негізгі мақсат-міндеттері таныстырылып, алдағы жұмыс бағыттары жөнінде пікір алмасылды.


«Қазақстан Халық партиясының» облыстық филиалы «Қалалық орталық кітапхана» қызметкерлері және «Балбөбек» Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасы мен бастамалары таныстырылып, ақпараттық материалдар таратылды. Сондай-ақ қоғам үшін маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.


«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы «МұнайТелеком» ЖШС, «ҚазАзот» АҚ және Бейнеу ауданындағы Ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекеме ұжымдарымен кездесті. Партия өкілдері бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, азаматтардың сұрақтарына жауап берді және өзекті мәселелерді талқылады.


«Ақ жол» Демократиялық партиясының өңірлік сайлауалды штабы Түпқараған ауданында жұмыс жүргізіп, Форт-Шевченко қаласы, Қызылөзен, Аташ және Баутино ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесулерде партияның саяси бағдарламасы таныстырылып, тәуелсіздік пен ұлттық мүдделер, демократия мен парламентаризм, әлеуметтік әділеттілік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, кәсіпкерлікті қолдау және нарықтық экономиканы дамыту мәселелері көтерілді. Тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері де тыңдалды.


«Respublica» партиясының өңірлік сайлауалды штабы Nobilis Corp компаниясының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде мұнай-газ саласын дамыту, өндірісте заманауи технологияларды енгізу, еңбек қауіпсіздігі, экологиялық жауапкершілік және өңір экономикасының даму перспективалары талқыланды. Компания қызметкерлері еңбек жағдайлары мен саланың келешегіне қатысты пікірлерін білдірді.


Жалпы сайлауалды кезеңде өңірлік партия филиалдарының жұмысы кездесулер өткізу, бағдарламалық бағыттарды түсіндіру, ақпараттық материалдар тарату және азаматтардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін талқылау форматтарында жүзеге асырылуда. Партиялардың өңірдегі іс-шаралары әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтармен тікелей байланыс орнатуға бағытталған.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар