Негізгі Жаңалықтар Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары мен сайлауалды штабтары Құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, өздерінің сайлауалды бағдарламалары мен негізгі бағыттарын таныстыруда.


«Әділет» партиясының өкілдері «Каспий» тұщыту зауыты, Маңғыстау облыстық М.Өскінбаев атындағы филармония, №5 УОС және «Атамекен» ҰКП ұжымдарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар жастармен, еңбек және түрлі сала ардагерлерімен, ауыл тұрғындарымен пікір алмасулар өтті. Кездесулерде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды.


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы үгіт-насихат жұмыстарын Маңғыстау ауданында жалғастырып, Шетпе ауылындағы «Каспий Цемент» зауыты маңында тұрғындар мен жұмысшылармен кездесу өткізді. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, негізгі бағыттары түсіндірілді. Қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, әлеуметтік әділеттілік, халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері қозғалды.


«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Түпқараған ауданындағы Есбол Өмірбаев атындағы орта мектеп пен аудандық аурухана ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында партияның сайлауалды ұстанымдары мен мақсат-міндеттері таныстырылды. Қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік мәселелер, халықтың әл-ауқаты және медицина саласына қатысты мәселелер талқыланып, еңбек ұжымдарының ұсыныстары тыңдалды. Кездесулер сұрақ-жауап және ашық пікір алмасу форматында өтті.


Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы ШУМ сауда орталығының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырды. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен ұстанымдарын түсіндіріп, ақпараттық материалдар таратты. Сондай-ақ алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпарат беріліп, қатысушылардың сұрақтарына жауаптар ұсынылды.


«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы «МаңғыстауЭнергоМұнай» ЖШС және «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, мұнай-газ саласы қызметкерлерінің пікірлерін тыңдады. Кездесулер барысында өндіріс саласына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.


«Ақ жол» демократиялық партиясының өңірлік сайлауалды штабы Жаңаөзен қаласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Арбат» алаңында тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен қатар «Есіктен-есікке» акциясы аясында тұрғындардың үйлерін аралау арқылы партия бағдарламасы туралы ақпарат жеткізілді. Азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, сайлау рәсімі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


Respublica партиясының өңірлік сайлауалды штабы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдерімен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары, кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар партия депутаттарының атқарған жұмыстары, жүзеге асқан бастамалары мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді. Кәсіпкерлік секторды дамытуға қатысты ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.


Осылайша, өңірдегі партиялардың сайлауалды кезеңдегі жұмысы әртүрлі форматтағы кездесулер мен ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары арқылы жүзеге асуда. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен, жастармен және түрлі әлеуметтік топтармен кездесіп, өз бағдарламаларын таныстырумен қатар азаматтардың ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдауға мүмкіндік алған.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар