Негізгі Жаңалықтар Құрылтай: қоғам сұранысына негізделген бастамалар

Құрылтай: қоғам сұранысына негізделген бастамалар

Құрылтай: қоғам сұранысына негізделген бастамалар

Қоғамның өзгеруі мемлекеттік институттардың жұмыс тәсіліне де жаңа талап қояды. Бүгінде азаматтарды белгілі бір шешімнің қабылдану фактісінен гөрі, оның өз өміріне қаншалықты әсер ететіні көбірек қызықтырады. Сондықтан қоғамдық бастаманың салмағы оның қаншалықты кең айтылғанымен емес, нақты қажеттілікті қаншалықты дәл танып, нәтижелі шешімге айналдыра алғанымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың қоғамдық-саяси жүйедегі маңызы оның көтеретін мәселелерінің санымен емес, қоғамдағы сұранысты мемлекттік саясаттың мазмұнына енгізу мүмкіндігімен айқындалады.

Қоғамдық сұраныс дегеніміз – жекелеген азаматтың ұсынысымен шектелмейтін, белгілі бір әлеуметтік қажеттіліктен туындайтын ортақ ұстаным. Бір адамның айтқан мәселесі кейде тұтас өңірдің, тіпті бірнеше аймақтың ортақ проблемасын аңғаруы мүмкін. Сондықтан Құрылтай үшін азаматтардың пікірін жинақтау ғана жеткіліксіз. Оның мәні – сол пікірдің астарындағы себепті анықтап, мәселенің ауқымын бағалап, оны шешудің тиімді жолдарын ұсыну.

Осы жерде Құрылтайдың ерекше мүмкіндігі көрінеді. Ол қоғамдағы әртүрлі пікірлерді бір арнаға тоғыстырып, жеке мәселені жүйелі ұсыныс деңгейіне көтере алады. Мәселен, белгілі бір өңірдегі инфрақұрылымдық түйткіл алғашында жергілікті мәселе болып көрінуі мүмкін. Алайда оның басқа аймақтарда да қайталанатыны анықталса, бұл жекелеген жағдай емес, мемлекеттік деңгейде қарауды қажет ететін ортақ мәселе екені байқалады. Демек, қоғамдық пікірді зерделеу арқылы Құрылтай нақты проблеманың артында тұрған кең ауқымды қажеттілікті анықтауға ықпал етеді.

Бұл ретте қоғамнан келетін ұсыныстардың барлығы бірдей заңнамалық немесе мемлекеттік шешімді талап етпейтінін де ескерген жөн. Кейбір мәселе жергілікті деңгейде шешілсе, енді бірі қолданыстағы тетіктерді жетілдіруді қажет етеді. Ал жүйелі сипат алған мәселелерге нормативтік өзгеріс немесе жаңа мемлекеттік тәсіл керек болуы мүмкін. Сондықтан Құрылтайдың әлеуеті ұсынысты жай ғана жеткізуде емес, оның қай деңгейде және қандай механизм арқылы шешілуі керектігін айқындауға мүмкіндік беретінінде.

Қоғамдық бастаманың өміршеңдігі оның көтерілген сәтімен аяқталмауы тиіс. Ұсыныстың қай органға жолданғаны, қандай шешім қабылданғаны және оның нәтижесі қандай болғаны да маңызды. Мұндай кері байланыс қалыптасқанда азамат өз пікірінің назарға алынғанын нақты сезінеді. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік институттарға деген сенімнің нығаюына әсер етеді. Қоғамдық диалогтың құндылығы да осындай сабақтастықтан көрінеді.

Бұдан бөлек, Құрылтайдың мүмкіндігі тек бүгінгі мәселелерді шешумен шектелмеуі керек. Қоғамдағы жаңа үрдістерді ертерек байқап, болашақтағы сұраныстарды алдын ала анықтау да маңызды. Технологиялық өзгерістер, еңбек нарығының жаңаруы, жастардың жаңа қажеттіліктері, өңірлік даму ерекшеліктері, әлеуметтік қатынастардың өзгеруі – мұның бәрі мемлекеттік саясатқа жаңа міндеттер жүктейді. Осы үдерістерді уақытында саралау Құрылтайды қоғамдағы өзгерістерді көрсететін маңызды қоғамдық индикаторға айналдыра алады.

Әсіресе өңірлердің үнін естудің маңызы зор. Қазақстанның әр аймағының өзіндік ерекшелігі бар. Бір жерде инфрақұрылым өзекті болса, екінші өңірде жұмыспен қамту, үшінші жерде су, көлік немесе әлеуметтік қызмет сапасы маңызды болуы мүмкін. Осындай алуан түрлі сұраныстарды біртұтас ұлттық көзқараспен ұштастыру мемлекеттік шешімдердің өмір шындығына жақындауына мүмкіндік береді. Өңірлік тәжірибе ұлттық саясат үшін маңызды дерекке айналған жағдайда ғана қоғамдық диалогтың мазмұны тереңдей түседі.

Сондықтан Құрылтайды қоғамның пікірін білдіретін ғана емес, сол пікірдің мемлекеттік шешімге дейінгі жолын қалыптастыратын институт ретінде қарастыруға негіз бар. Оның тиімділігі көтерілген мәселелердің көптігімен емес, олардың қаншасының жүйелі ұсынысқа, қаншасының нақты іске айналғанымен өлшенуі тиіс.

Қоғам сұранысына сүйенген бастамалар мемлекеттің халықпен байланысын жаңа сапаға көтереді. Мұнда азамат тек шешімнің орындалуын күтуші емес, қоғамдық өзгерістің мазмұнын қалыптастыруға қатысушы тарапқа айналады.


Ал Құрылтай осы өзара байланысты орнықтыратын тетікке айналған жағдайда, қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат арасындағы алшақтық азайып, қабылданатын шешімдердің өміршеңдігі арта түседі.

Сайып келгенде, қоғам сұранысын ескеру – уақыт талабына бейімделудің ғана емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуын дұрыс бағдарлаудың шарты. Құрылтайдың басты құндылығы да осында: қоғамнан шыққан ойды тыңдап қана қоймай, оны саралап, ел дамуына қажет нақты бастамаға айналдыру.

Бөлісу