Маңғыстауда саяси партиялардың сайлауалды кездесулері жалғасуда
Маңғыстау облысында Құрылтай сайлауына байланысты саяси партиялардың өңірлік филиалдары мен сайлауалды штабтары түрлі форматтағы кездесулер өткізіп, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен пікір алмасуда. Кездесулер барысында партиялардың сайлауалды бағдарламалары таныстырылып, азаматтардың ұсыныстары мен өзекті мәселелері талқылануда.
«Әділет» партиясының Маңғыстау өңіріндегі өкілдері еңбек ұжымдарымен, жастармен, сала ардагерлерімен және ауыл тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, «ММГ» АҚ, «Каскор-Транссервис» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және басқа да мекеме қызметкерлерімен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Кездесулерде әлеуметтік-экономикалық даму, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және тұрғындарды толғандырған басқа да мәселелер көтерілді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласында тұрғындармен кездесулер өткізді. Партия өкілдері шағынаудандарда азаматтармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Сонымен бірге тұрғындарға ақпараттық материалдар таратылып, партияның ұсыныстары мен ұстанымдары түсіндірілді.
«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық сайлауалды штабы Маңғыстау селосында «Қазақстан темір жолы» АҚ Маңғыстау жол дистанциясының еңбек ұжымымен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Сондай-ақ теміржол саласы қызметкерлерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.
Қазақстан Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «Қазпошта» қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, еңбек ұжымының ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Кездесуге қатысушыларға партияның ақпараттық-насихаттық материалдары да ұсынылды.
«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады. Сонымен қатар партия кандидаттары «ҚазНИПИ» еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу кезінде сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, қызметкерлердің пікірлері мен ұсыныстары талқыланды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Алға мүгедектер клубының мүшелерімен кездесті. Пікір алмасу барысында мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтарын қорғау, қолжетімді орта қалыптастыру, спортпен айналысуға жағдай жасау және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қозғалды. Клуб мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
«Respublica» партиясының республикалық штабының Маңғыстауға жұмыс сапары аясында «OPTIMUM» жобалау институтының еңбек ұжымымен кездесу өтті. Жиында мұнай-газ саласындағы жобалау және инжиниринг, ғылыми-техникалық әзірлемелерді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және инженерлік-техникалық кадрларды даярлау мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар өңірдің өндірістік әлеуетін ғылым, технология және мамандар даярлау бағыттарымен ұштастыру мәселелерін қарастырды.
Осылайша, өңірдегі саяси партиялардың сайлауалды кезеңдегі жұмысы тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және түрлі әлеуметтік топтар өкілдерімен кездесулер өткізу, бағдарламалық бағыттарды таныстыру және азаматтардың ұсыныстарын тыңдау форматтарында жүзеге асырылуда. Кездесулер барысында әлеуметтік, экономикалық, еңбек, экологиялық және қоғамдық маңызы бар мәселелер қамтылды.