Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында саяси партиялардың өңірлік филиалдары халықпен байланыс жұмыстарын түрлі форматта жалғастыруда. Партия өкілдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстыруда.
«Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды штабтары сауда үйлері мен дүкендерде тұрғындармен кездесулер өткізді. Кездесу барысында азаматтарға партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысудың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, партияның жас белсенділері «Есіктен есікке» акциясы аясында тұрғындармен кездесіп, ақпараттық материалдар таратып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы сайлауалды ақпараттық жұмыстарын жалғастыруда. Партияның үгіт материалдары жергілікті атқарушы органдар айқындаған арнайы орындарға орналастырылып, бұл жұмыстар Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау және Түпқараған аудандарында жүргізілуде.
«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы үгіт-насихат жұмыстарын бірнеше бағытта ұйымдастырды. Ақтау қаласында еріктілер арнайы үгіт тақтайшаларына партияның плакаттары мен ақпараттық материалдарын орналастырса, партия филиалының өкілдері қалалық жәрмеңкеде тұрғындармен және сауда саласы қызметкерлерімен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар, Бейнеу ауылында тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, партияның ұстанымдары мен негізгі бағыттары түсіндірілді.
«Қазақстан Халық партиясының» Маңғыстау облыстық филиалы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Ақтау қаласында, сондай-ақ Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарында жалғастырды. Тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ақпараттық материалдар таратылды.
«Ауыл» партиясының облыстық сайлауалды штабы мен «Ауыл жастарының» өкілдері Ақтау қаласының Самал шағын ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік өткізді. Акция барысында қоғамдық аумақ тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар атқарылды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы Құрылтай сайлауы аясында ашық теңізде үгіт-насихат акциясын ұйымдастырды. Іс-шара барысында штаб төрағасы Батыржан Қорғанбаев партияның сенімді өкілдеріне ресми куәліктерін табыстады. Партия өкілдері теңіз жағалауында тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратып, сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырды.
Respublica партиясының Маңғыстау облыстық филиалы тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сайлауалды бағдарламасы туралы буклеттер таратты. Сонымен қатар, қолданыстағы сайлау заңнамасына сәйкес арнайы белгіленген орындарға партияның үгіт-насихат плакаттары орналастырылды.
Осылайша, Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында өңірдегі саяси партиялар тұрғындармен кездесулер өткізу, ақпараттық материалдар тарату, экологиялық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстыру жұмыстарын жалғастыруда. Барлық іс-шаралар қолданыстағы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өткізілуде.
Маңғыстау облысында саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда