Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды ақпараттық жұмыстарын жүргізуде
Маңғыстау облысында саяси партиялардың өңірлік филиалдары 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты сайлауалды бағдарламаларын таныстыру және азаматтармен пікір алмасу бағытында жұмыстар жүргізуде. Кездесулер барысында партия өкілдері тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және түрлі сала мамандарымен кездесіп, өз бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауда.
«Әділет» партиясының өкілдері «Ақтау теңіз порты», «ARCHIMED» медициналық орталығы, «Қазпошта», «Verity Group» және «ҚазТрансГазАймақ» ұжымдарымен кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар партия өкілдері партия ардагерлерімен, жастармен, түрлі сала мамандарымен және ауыл тұрғындарымен ашық форматта пікір алмасты. Кездесулерде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер талқыланды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласының шағынаудандарында тұрғындармен және демалушылармен кездесулер өткізуде. Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен бірге азаматтармен ашық пікір алмасу жүргізіліп, тұрғындардың ұсыныстары мен өздерін толғандырған мәселелері тыңдалды.
«Байтақ» жасылдар партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Қарақия ауданының Құрық ауылында тұрғындарға партияның ақпараттық материалдарын таныстыру және сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кездесулер барысында экологиялық бастамалар таныстырылып, азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ тұрғындармен ашық пікір алмасу кезінде өңірдің экологиялық жағдайы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аударылды.
Қазақстан Халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері Хазар базарының кәсіпкерлері мен келушілерімен, сондай-ақ «Сенім» клиникасының қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен бастамалары таныстырылып, ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен қатар азаматтар мен еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, оларды толғандырған өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу жүргізілді.
«Ауыл» партиясының өңірлік сайлауалды штабы «АУЭС» және «СПК «Каспий» мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырды. Партия өкілдері кездесулер барысында сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, қызметкерлермен ашық диалог форматында пікір алмасты. Қатысушылардың мәселелері мен ұсыныстары тыңдалып, партияның алдағы мақсаттары мен бастамалары жөнінде ақпарат берілді.
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Сам ауылының тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесуде халықтың әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту және азаматтардың мүддесін қорғау мәселелері қозғалды. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Respublica партиясының өкілдері Бейнеу ауылының тұрғындарымен, сондай-ақ ForteBank және Alatau City Bank қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында тұрғындар мен еңбек ұжымдарының өзекті мәселелері мен ұсыныстары тыңдалып, әлеуметтік жағдай, күнделікті өмір және банк саласына қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, Құрылтай сайлауына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы өңірдегі партия филиалдарының сайлауалды кезеңдегі жұмысы азаматтармен кездесулер өткізу, бағдарламалық бағыттарды таныстыру, ақпараттық материалдар тарату және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау форматтарында жүзеге асырылуда. Кездесулердің мазмұнында әлеуметтік-экономикалық даму, ауылдық аумақтар, кәсіпкерлік, еңбек, денсаулық сақтау, білім беру және экология секілді түрлі мәселелер қамтылған.