Негізгі Жаңалықтар Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

Маңғыстауда саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында саяси партиялардың өңірлік филиалдары түрлі форматтағы іс-шаралар өткізуде. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда, сондай-ақ ақпараттық материалдарды тарату жұмыстарын жүргізуде.

«Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабының өкілдері УОС-1 және Oil Service Halyk Bank еңбек ұжымдарының қызметкерлерімен, сондай-ақ жастармен, тұрғындармен және түрлі сала ардагерлерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек, білім, денсаулық сақтау және жастар саясатына қатысты мәселелер талқыланды. Қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Түпқараған ауданындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Іс-шара барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жөнінде ақпарат беріп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сауалдарын тыңдады. Кездесу соңында ақпараттық материалдар таратылды.

«Байтақ» жасылдар партиясының Маңғыстау облыстық филиалының сайлауалды штабы Ақтау қаласы мен бірқатар ауылдық елді мекендерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Еріктілер белгіленген орындарға үгіт материалдарын орналастырып, тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасы туралы мәліметтер ұсынды. 

«Қазақстан Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері Ақтау қаласындағы Өнер колледжінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Басқосуда партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, алдағы сайлау науқаны мен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

«Ауыл» партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы өңір тұрғындары үшін қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау барысында азаматтардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері тыңдалып, қойылған сауалдарға жауап берілді. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары жөнінде ақпарат ұсынылды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Бейнеу ауданында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Еріктілер тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпараттық материалдар таратты. Партия мүшелері сауда орындары мен қоғамдық көліктерде түсіндіру жұмыстарын өткізді. Сондай-ақ белгіленген орындарға үгіт материалдары орналастырылды.

Respublica партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «ҚазАзот» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамының мәртебесін көтеру, жаңа жұмыс орындарын құру және өңір өнеркәсібін дамыту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ еңбек ұжымы өкілдерінің сауалдарына жауап беріліп, ашық форматтағы кездесу ұйымдастырылды.

Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде өңірдегі саяси партиялардың филиалдары еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу, тұрғындарды сайлауалды бағдарламаларымен таныстыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы өз қызметін жүзеге асыруда. Іс-шаралар қолданыстағы сайлау заңнамасы аясында ұйымдастырылуда.

Бөлісу